Наш контактный телефон
+7 (7122)
35-55-24
Обратная связь
Поиск по сайту

БІРЛІГІ КҮШТІ ЕЛ АЗБАЙДЫ

2 апреля 2020

«Апат айтып келмейді» деген аталы сөз бар. Міне, соңғы екі айдан бері әлем жұртшылығын аяғынан тік тұрғызған жаман індеттен құтылудың жолдары қарастырылып жатқаны баршаға аян. Соның айғағындай, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылдың 15 наурызы күні № 285 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» қаулы қабылдады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әр аймақта, оның ішінде Атырауда да арнайы комиссия құрылып, жергілікті жерлерде аурудың алдын алудың шұғыл шарасы жасақталды. Бүгінде Атырау облысының әкімі М.Досмұхамбетов басқарған штаб жұмысы қалың көпшіліктің қолдауына ие болып отыр. Ағымдағы жылдың 30-шы наурызы сағат 00.00-ден бастап шаһарға аймағына карантин енгізілді. Сондай-ақ, облыс көлемінде де шектеулер қойылды. Өкінішке орай, қазіргі таңда біздің өлкемізде COVID-19 корновирустық инфекцияға ұшырағандар саны да күн санап өршіп барады. Бұның өзі қатты алаңдаушылықты білдіретіні сөзсіз.

                «Тәні саудың, жаны сау» дегендей, бұл індеттен арылудың бірден бір жолы әр адамның жеке гигиеналық тазалық сақтау туралы ережені мүлтіксіз орындап, үйден шықпау керек. Сонда ғана біз жеңеміз!

                Ел басына түскен осынау қиын-қыстау кезеңде барша мемлекеттік ұйымдармен қатар облыс кәсіподақ ұйымдары да жауапкершілік танытып, тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене араласуда. Қатерлі дертке басын тіккен ақ халатты абзал жандардың басын біріктіріп отырған «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының Атырау облыстық филиалы стационарлық мекемелердің медициналық қызметкерлерін, соның ішінде коронарлық вирустық инфекциясын анықтайтын және емдейтін Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясын, №2 облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесін, уақытша және карантиндік станционарлардың жүздеген дәрігерлерін қолдау акциясын бастады. Салалық кәсіподақ бірнеше рет пайдалануға болатын 2000-нан аса қорғау маскаларын таратқан болса, ал корнавирусты емдеуге тікелей қатысатын жұмысшыларға маңызды тамақ өнімдерін, сонымен қатар жеке гигиена құралдарын сатып алып берді.

                Бұл игілікті істерден шет қалмаған «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» ҚБ жүйелі жұмыстар атақаруда. Барлық орта білім беру, колледж және мектепке дейінгі білім беру мекемелері елдегі төтенше жағдайға байланысты аурудың алдын алудың жолдарын қарастырып, «Бірлігі күшті ел озады», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Біз біргеміз!», «Жылы жүрек» акцияларын ұйымдастырды. Мысалы, Жылыой ауданындағы барлық мектептердің ұстаздары 200-ден 400-ге дейін бетперделерін тігіп, күнкөрісі төмен отбасылары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға таратты. Махамбет ауданының бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында «Алтын-ай», «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасының қызметкерлері «Біз біргеміз!» акциясы аясында 500-ге жуық қорғаныс бетпердесін де тігіп ауыл тұрғындарына таратты. Алға орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы жанынан құрылған Еріктілер тобы «Жақсылық жаса» акциясы аясында селодағы аз қамтылған 2 отбасына азық-түлік тағамдарын тегін апарып берді. Мұндай қайырымдылық істерді барлық ұйымдар атқарып жатқандығын атап өткеніміз дұрыс.

                Короновирустың таралуы және экономикада теріс салдардың пайда болуы жағдайында жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталуы басты назарда. Жаңа талаптарға сәйкес республикада білім беру мекемелеріндегі педагогтар мен білім алушылардың каникуль ұзақтығына өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, аймақтағы барлық жоғарғы оқу орындары мен колледжілерде қашықтан оқыту жүйесі жүзеге асып жатыр. Карантин кезінде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік олдағы Атырау облыстық ұйымы» ҚБ әлеуметтік серіктістігі Атырау облыстық Білім беру басқармасымен арада жасалған 2018 – 2020 жылдарға арналған Салалық келісімге сәйкес білім беру қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарының бұзылмауын болдырмауды қатаң ұстап отыр. Бүгінгі таңда білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, педагогтердің, білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған пандемия кезеңінде COVID-19 корновирустық инфекцияның таралуын алдын алу үшін республика Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері мен ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 14 наурыздағы № 108 қаулысы басшылыққа алынып отыр. Каникуль кезінде мұғалімдер үйлерінде отырып-ақ әдістемелік және сабақтарын дайындық жұмыстарын жасауға көшті.

                Алла тағалам «сақтансаң сақтармын» дегендей, елімізде індет алған корновирустан сақтану әр адамның өз қолында екенін ескеріп, әлеуметтік желілердегі ел-жұртты дүрліктірген жалған ақпараттардан сақ болуы керек. Мемлекет басшысының телевизиялық Үндеуіндегі «Барша қазақстандықтарға сабыр сақтап, түсіністік танытқаны үшін алғысымды айтамын. Біз дүрбелең тудыруға жол бермейміз. Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек» деген сөзі бәрімізді осы ауруға күресте жұдырықтай түйіліп қарсы тұруға шақырады. Күн ертең тыныштық болса, атап өткелі отырған Ұлы Жеңістің мерекесі қарсаңында, сол отты жылдарда «толарсақтан қан кешіп, етігімен су ішкен» аталарымыздың ерлігі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі етеміз. Ел басын түскен ауыр күнде барша халық жұдырықтай түйліп, темірдей құрсанған жауға тойтарыс берді. Сөйтіп бейбіт күнді аңсаған жұртқа «Жеңіс» деген сөзді сыйлады. Дәл осындай сәттің де туар күні қашық емес деп ойлаймыз.

                Қашанда халқымыз сабыр сақтап, ел бірлігін сақтауға тырысқан. Осы тұста өзім куә болған тағы бір деректі алға тартсам ба дегенім:  кеше ғана облыс орталығына Қызылқоға ауданынан келген дертке ұшырған адаммен қарым-қатынаста болған 14 адамды «Береке» мөлтек ауданындағы орталыққа орналастыруда Атырау қаласының әкімі Қ.Қ. Оразбаев бастаған жедел штабтың тез қимылы нәтижелі аяқталды. Науқастар орналасқан жаңа орынға қысқа уақытта жарық, газ, су және басқада коммуникациялық жүйелер жүргізіліп қана қоймай, оларға сапалы да дәмді азық-түліктер жеткізіліп берілді. Демек шаһарда жұқпалы індетке қарсы жүйелі жұмыстар жоғарғы дәрежеде жүргізіліп отыр деген қорытыныды жасауға болады. .

                Сөз соңында, «бірлігі күші ел азбайды» дегендей, осынау қиын қыстау кезде барша халықты тәртіп пен тазалықты сақтап бірлікке шақырамын.

                                                                                              Ізтұрған Ұзақбайұлы БАЙМҰХАНОВ,                                                                                                «Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы»                                                                                                  аумақтық кәсіподақтар бірлестігәінің                                                                                                                  төрағасы, облыстық  мәслихаттың депутаты.


202 просмотров
Вернуться на уровень выше
Санатории и гостиницы ФПРК