Бүгін жақсылар мен жайсаңдармен өткізген керемет кеш болды. Сонау 1989 жылы Гурьев пен Маңғыстау облыстары қосылған тұста Облыстық мәдениет басқармасына басшы қызметіне Құжырғали Төлеуішов келген болатын. Бүгінгі Махамбет Өтемісұлы атындағы Академиялық драма театрының ұйымдастыруымен өткен шығармашылық кеш сол кісінің шығармашылық жолына арналған еді. Кеш барысында небір естеліктер айтылды. Сол жылы Құжырғали Төлеуішұлының тапсырмасымен коллегияда қаралатын сұрақ бойынша Маңғыстау өңіріне барған іс-сапарым туралы мен де айттым. Шетпе, Шайыр, Бейнеу өңірлерін алғаш көруім. Сол сапарда Маңғыстау аудандық кітапханасының директоры Айша Үмбетовамен танысқанымды есіме алдым. Негізі, Құжырғали Төлеуішұлы сол кездегі Гурьев облысының кітапхана жұмысына жаңа леп әкелген тұлға. Кітап көрмелерінің тақырыптарын оқырман назарын бірден аударатындай түрлі -түсті етіп безендіруді тапсырып, оқырмандар үшін самауырмен шәй қайнатып қою сияқты оларға жағдайлар жасау үшін, барлық кітапханаларға электр самаурындар сатып әперді. Кітапхананың жұмысындағы сол кездегі қатып қалған кейбір стереотиптерін бұзып, жаңаша инновациялар ене бастады. Бүгінгі кешке қатысып, ол кісіні маған беймәлім сан қырынан таныдым. Кино, әдебиеттің аударма жанрында, партия жұмысында аянбай жұмыс жасағанына куә болдым. Сөз кезегі өзіне тиіп, сахна төріне шыққан Құжырғали аға "Мен тек аянбай өз қызметімді атқардым"-деді.