Дәл осындай тақырыппен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясынан кандидат Амангелді Таспиховтың облыстық штабы аудандарда үгіт-насихат жұмыстарын өрістете түсті. Бұл жолы олар Исатай ауданындағы «Жайықмұнайгаз» өндірістік мекемесінде және Құрманғазы ауданының бірнеше ауылдық округтерінде болып, кездесулер өткізді. Бұл басқосуларда топ мүшелері президенттікке үміткердің еңбек жолы мен адамгершілік тұлғасын баяндап, сайлауалды тұғырнамаларымен таныстырды. «Кез келген еңбек адамы үшін оның еңбегіне лайықты ақы төленуі – негізгі шарт болады. Соңғы рет төменгі еңбекақы мөлшері 50 пайызға көтерілген кезде 1,5 миллион біздің дәрігерлеріміз бен медбикелеріміз, мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлеріміз одан сырт қалып қойды» делінген болатын үміткердің сайлауалды тұғырнамасында. Осыған қызу пікір қосқан Құрманғазы ауданының Абай атындағы орта мектеп педагогтері және Теңіз, Орлы округ тұрғындары арасындағы бюджет қызметкерлері болашақ сайлау күні өз таңдауларын жасайтындығына сенім білдірді.
Қылышбай ҚҰЛЖАНОВ. Атырау облысы.