Ағымдағы жылдың 13-14 мамыры күндері ҚР Президентігіне үміткер А.С. Таспиховтың Атыраудағы аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы І.Ұ. Баймұқанов басқарған насихатшы топ облыс орталығынан шалғай орналасқан Индер ауданында сапарда болды. Топ мүшелерінің алғашқы кездесуі Есбол ауылынан басталды, себебі оныңда өзіндік мақсаты болатын. Кәсіподақ жетекшісі № 21 округтен облыстық мәслихатқа депутат болып сайланғандықтан, тұңғыш рет ауылішілік 21,5 шақырым қатқыл табанды жол салып жатырған құрылысшылармен кездесті. Олармен болған ашық әңгіме барысында салынып жатырған жолдың сапасына, жұмыстың уақтылы жүргізілуіне, қажетті материалдардың жеткізілуіне, сондай-ақ олардың тұрмыстық жағдайларына да көңіл бөлінді. Ауыл тұрғындарының Махамбет көшесіндегі жолдың қақ ортасында тұрған электр бағанасын ауыстыруды сұраған өтініші ескеріліп, оны шұғыл ретке келтіруді тиісті жергілікті әкімшіліктің қаперіне берілді.
Жамбыл орта мектебінде басқосқан сайлауалды штаб мүшелерінің әңгімесінде Қазақстанда жаңа Президенттік сайлаудың маңызы мен ерекшелігіне тоқталды. Атап айтқанда, Президенттікке тіркелген кандидаттар арасында саяси партиялардың ғана емес, қоғамдық ұйымдардың да белсенділік танытып отырғанынын атап өтілді. Солардың арасында бұрын әлеуметтік мәселелермен кеңірек шұғылданып, енді саяси сахнаға шығып отырған «Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясы» ұсынған Амангелді Таспиховтың өмірі мен сайлауалды бағдарламасы кеңінен таныстырылды. Дәл осындай сұхбат аудан орталығының және Жарсуат, Құрылыс ауылдарының тұрғындарымен де өтті. Кездесуде сөз алған топ мүшелері – облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы І.Ұ. Баймұқанов қоғамдық ұйымның атқарып отырған жұмысына кеңірек тоқталса, облыс салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшісі Қ.Сүндетұлы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің кәсіподақ ұйымының төрағасы, профессор, тарих ғылымдарының докторы А.Қ. Ахмет елімізде басталған саяси науқанның өзгешіліктеріне және сайлаудың ел бірлігіне, қоғам тұрақтылығына оң әсер ететініне сенім білдірді.
Насихатшы топ мүшелері ұсыныс-пікір білдірген тұрғындардың өтініштері аяқсыз қалмайтындығын ескертіп, олардың жергілікті басқару әкімшілік басшылар тарапынан оң шешім табуына жәрдемдесетіндігіне сендірді.
ҚР Президенттігіне үміткер А.С. Таспиховтың «Жұмыс істейтін шақ!» дегеніндей, аймақ кәсіподақтары сайлау алды тынымсыз күй кешуде.
Қылышбай ҚҰЛЖАНОВ. Атырау облысы.
</td> | ||