АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ұлттық валютасы - теңгеде енді Ұлттық банк төрағасының қолы болмайды. Мемлекет басшысы осы жөнінде тиісті өзгеріс енгізді. Ресми құжат Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі сайтында жарияланды.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына сәйкес қаулы етемін: «Ұлттық валюта - Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 38, 384-құжат; 2008 ж., № 31, 309-құжат; 2014 ж., № 3, 16-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Ұлттық валюта - Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасында:
13-1-тармақ алып тасталсын», делінген жарлық мәтінінде.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы «Ұлттық валюта - Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығына өзгеріс енгізген болатын.
2016 жылдың 28 қаңтарындағы Қазақстан Президентінің Жарлығы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Дереккөз: http://www.inform.kz/kaz/article/2867428