Біздің байланыс телефонымыз
+7(7122)
35-55-24
Кері байланыс
Сайт бойынша іздеу

Тарихы

Салалық кәсіподақтар Атырау (Гурьев) өңірінде өткен ғасырдың бас кезеңдерінде құрыла бастаған. Әсіресе Қазан төңкерісінен кейін қарқынды дами бастаған халық шаруашылығының барлық салаларын қамтыған. Ең алғашқы құрылған мұнайшылар, мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлері, ауыл шаруашылығы жұмысшылары кәсіподақтары еліміздің экономикасы мен халықтың білімін, мәдениетін көтеру, олардың әл-ауқатын жақсарту бағытында жұмыстанып отырған, тіпті жоспарланып қойған, бірақ әлі де құрылмаған мемлекеттік мекемелердің жекелеген функцияларын да атқарып келген. Оларды атайтын болсақ неке ажырасу, еңбек тәртібі, сенбіліктер ұйымдастыру т.б. маңызды бастамаларды тікелей жүзеге асыруға атсалысып отырған.

1917 жылдың наурыз айында Доссор, Мақат мұнай өндіру мекемелерінде және Ракуша мұнай айдау станциясында фабрика-зауыт комитеттері (ФЗМК) құрылып, сол жылы сәуір айында үш кәсіпшіліктің өкілдері қосылып біріккен комитет құрып, оның төрағалығына М.Крюков сайланған. Жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында ең алғашқы табыстарға қол жете бастады. 1920 жылы 1 қазанда Доссор мұнай кәсіпшілігінде 17 кен орны жұмыс жасап, 6 айда бір миллион 850 мың 769 пұт мұнай алынып, Ракуш арқылы теңіз баржаларына айдалып отырған. Мұнайшылар кәсіподағымен қатар Гурьев уезінде етікшілер, сабын қайнатушылар, су қатынасы қызметкерлері, балықшылар т.б. кәсіподақтары құрылып, дами бастаған. Халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмысына еңбекшілерді жаппай жұмылдыру – 1920 жылдың қаңтар айында құрылған кәсіподақтардың Гурьев уездік кеңесінің негізгі мақсаты болды. Кәсіподақтардың 1-ші Гурьев уездік съезі 1920 жылы 5 шілдеде өтіп, оған әрбір 50 жұмысшыдан 1-делегат қатысқан. Сол кезеңдерде ауыл-село маңындағы қазақ жастарын интернационалдық, патриоттық рухта тәрбиелеу, білім беру, саяси-мәдени шараларға, әйелдерді өндіріске тарту жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде 1925 жылы жұмысшы мамандар даярлау училище оқушыларының 50 пайызын қазақ жастары құраса, мұнай кәсіпшілігінде 300-ге тарта қыз-келіншектер жұмыс жасаған.

1932 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан кәсіподақтарының IV съезі екінші бесжылдықта атқарылуға тиісті жұмыстардың ауқымын белгілеп, жаңа міндеттер жүктеген, стахановшылар бастамасын көтерген. Облысымыздың ең алғашқы стахановшылары Бородин, Зорбаев, Есқариев, Байарыстанов, Котельников мұнайшылар болса, балықшылар Жазықбаев, Полковников, Сарбөпенов т.б. ерен еңбектерімен ел сүйіспеншілігіне бөленді. Ұлы Отан соғысы қарсаңында облысымызда екі мың жарым стахановшылар еңбек еткен. Соғыс – облысымыздың кәсіподақтарына үлкен сын сағатын алып келді. Соғыс жағдайына байланысты кәсіподақтар жұмысын қайта құру басталды. Зауыт, фабрика т.б. мекемелерде бір жұмысшының бірнеше станокпен жұмыс жасауы, көшіп келген зауыттар мен олардың жұмысшыларын қабылдап, орналастыру, майдан тапсырыстарын уақтылы орындау т.б. қауырт қызметтер атқарылып жатты. Соғыс кезінде облыс мұнай кәсіпшіліктерінде өз ісінің шеберлері, жаңа маман кадрлар-жұмысшылар, инженерлер, техниктер өсіп, жетілді. Олар КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш дүркін депутаты, мұнай өндіру операторы Балғаным Доспаева, Иван Семенович Крепостин, Ермек Дүтбаев, Сары Юсупов, ағайынды Аухатовтар, Оразовтар т.б.

Соғыстан кейінгі кезең халық шаруашылығын қалпына келтіру және мәдени өрлеу, кәсіподақтар жұмысын қайта құру, дамыту жылдары болды. 1948 жылғы кәсіподақтардың Бүкілодақтық Орталық Кеңесінің XIX пленумы қаулысы негізінде, осы жылғы 1 қараша айында кәсіподақтардың одақаралық 1-ші Гурьев облыстық құрылтай конференциясы шақырылып, оның жұмысын кәсіподақтардың Бүкілодақтық Орталық Кеңесінің Гурьев облысы бойынша ұйымдастыру бюросының төрағасы Ғұмар Мұсаұлы Жұмаханов жүргізген. Сайланған 89 делегаттың 77-сі бірінші құрылтай конференциясының жұмысына қатысып, 13 делегат жұмысшы төралқасына сайланды. Осы конференцияда ұйымдастыру бюросының төрағасы Ғ.М.Жұмаханов баяндама жасап «Республикаларда, аймақтарда, облыстарда кәсіподақтар кеңесін құру» туралы ВЦСПС-тің XIX пленумының шешімі және облыс кәсіподақтары алдында тұрған міндеттері туралы мәселелерге тоқталып өтті. Облыстық кәсіподақтар Кеңесін құру туралы шешімді қолдап делегаттар Есенғұлов, Кобелеков, Алтыбасов, Золотов, Қасекенов, Қабдолов сөз сөйлеген. 1-ші ұйымдастыру Пленумында Гурьев облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы болып Жұмаханов Ғұмар Мұсаұлы, хатшылығына Ахмеджанов Карим сайланған.

Облыстық кәсіподақтар кеңесі құрылған кезеңде төмендегі салалық кәсіподақтар біраз тәжірибе жинақтаған, қызметкерлер мен жұмысшылар арасында белгілі бір дәрежеде беделге ие болған, іргелі қоғамдық ұйымдар санатында еңбек етіп жатты. Олар: КСРО-ның шығыс аудандары бойынша мұнай кәсіпшілігі жұмысшылар одағының облыстық комитеті – 1938 жылы, Медицина қызметкерлері одағының облыстық комитеті – 1938 жылы, Бастауыш және орта мектептер қызметкерлері одағының облыстық комитеті – 1939 жылы, Орынбор теміржолының Гурьев бөлімшесі теміржолшылары кәсіподағының аудандық комитеті – 1942 жылы т.б. Одақаралық органның құрылуы, салалық кәсіподақтардың дамуы және нығаюы, облыс кәсіподақ ұйымдары қатарының ұйымдастыру жұмыстарының біраз жақсаруына септігін тигізді. 1948 жылдың 1 қарашасынан бастап 1951 жылғы 1 шілде аралығында облыс бойынша кәсіподақ мүшелерінің саны 35 мыңнан 41475-ке өссе, осы кезеңде 524 бастауыш кәсіподақ ұйымдары, 8 облыстық кәсіподақ комитеті, 1-қалалық, 1 аудандық (райпрофсож), 1 мұнайшылардың республикалық комитеті жұмыс жасаған. Облыс кәсіподақ ұйымдарының тікелей араласуымен еңбекшілердің саяси-мәдени деңгейі айтарлықтай көтеріліп, мәдени-ағарту мекемелерінің саны артқан. Облыс пен Гурьев қаласының өндіріс мекемелерінде еңбекшілер арасында ұйымдастырылған жекелеген жарыстармен 77,9 пайызы қамтылса, тікелей өндірісте жұмыс жасайтын 28148 қызметкер немесе 96,7 пайызы жеке жарысқа түскен. Ірі өндіріс орындарында, ауыл шаруашылығы саласында өндіріс озаттары социалистік міндеттемелер алып, социалистік жарыстарға қатысып отырған. Осы жұмыстардың ұйытқысы болып, ұйымдастырып отырған жергілікті кәсіподақ ұйымдары жаңа бастамалар мен жарыс жеңімпаздарының іс-тәжірибесін еңбекшілер арасына кеңінен таратып отырған. Гурьев қаласы кәсіподақ белсенділерінің жиналысында жасаған баяндамасында (1951ж) облыс кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Ғ.М.Жұмаханов осы мәселеге кеңінен тоқталып, «Казнефтестрой» тресі, №7 құрылыс басқармасы (бастығы Дьяконов, кәсіподақ төрағасы Полозов), Орынбор теміржолы, Гурьев бөлімшесі, 2-ші арақашықтағы жол мекемесі (бастығы Сычев, кәсіподақ төрағасы Никулин) т.б. өндіріс ұжымдарының озық әдістеріне зор мән беріп, олардың жасаған құрмет тақталарына, өндіріс көрсеткіштеріне, жарыс жеңімпаздарын марапаттау түрлеріне көңіл аударып, облыстық кәсіподақтар кеңесі теміржолшы Ерғалиевтің (кәсіподақ ұйымдастырушысы Таспаева) озық әдісін облыс көлемінде таратылғанын зор қанағаттанғандық сезіммен мәлім еткен. Осы жиналыста социалистік жарыс пен социалистік міндеттемелер қабылдауда жіберген кемшіліктері үшін шаруашылық басшыларын қатаң сынға алып, облыстық жергілікті өндірістік мекемелер (меңгерушісі Жанғалиев), тері комбинаты (директоры Ибрагимов), промкомбинатта (директоры Курочкин), еңбекшілердің сапалы еңбек етуіне жағдай туғызылмай отырғандығы батыл айтылған, сонымен қатар жергілікті өндіріс қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитеті (төрағасы Нұрмұханов), Сауда қызметкерлері және байланысшылар кәсіподағы облыстық комитеті де бұл жұмыста біраз кемшіліктер жіберіп отырғандығы айтылған. Сын және өзара сын мәселесіне терең мән беріліп, жіберген кемшіліктері мекеме басшыларынан басталып төменгі деңгейге дейін, яғни жекелеген қатардағы қызметкерлердің атына жеке тоқталып отырған. Атап айтатын болсақ Гурьев қаласы кәсіподақ белсенділерімен болған кездесуде облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Ғ.М.Жұмаханов қаланың дәрігерлік мекемелеріндегі орын алған кемшіліктерге тоқтала келе, мұнайшылар емханасы ота жасау бөлімшесінің дәрігерлері Самойлова, Шехтер, Маниев еңбекшілерді емдеуде ауруды анықтау және емдеу, құжаттарын толтыруға немқұрайлы қарайтындықтары, жауапкершіліктерінің жоқтығы айтылған. Еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігінің де мардымсыз жағдайына назар аударып, бұл бағытта Петровский атындағы зауытта жұмысшылардың жарақат алуы көбейіп отырғандығына тоқталған. «Қызыл Крест» қоғамының жұмысы да ауыз толтырып айтарлықтай емес екендігін айта келіп, жалпы медицина қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің (төрағасы Қадырова) жұмысы қанағаттанарлықсыз екендігін айтқан.

Өткен ғасырдың 50-60 жылдары облыс деңгейінде құрылған көптеген қоғамдық ұйымдардың құрылтайшысы болып, олармен қоян-қолтық жұмыс жасаған облыстық кәсіподақтар Кеңесі бұл бағытта да көптеген табыстарға қол жеткізген. Спорттық қоғамдар «Қайрат», «Еңбек», «Трудовые резервы», ғылыми-техникалық қоғам (НТО), өнертапқыштардың бүкілодақтық қоғамы (ВОИР), бейбітшілік қоры, кітапқұмарлар қоғамы, салаутты өмір салтын қалыптастыру қоғамы т.б. кәсіподақтар тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырған. Айта кететін басты мәселе әрбір қоғам еңбекшілері арасында ешбір қаражат шығармастан қоғамдық негізде қыруар қызмет атқарып отырған. Мысалы, 1958 жылы 20 қарашада болған қазақ теміржолының Гурьев бөлімшесі өнертапқыштарының конференциясында НОД-14-тің бас инженері Р.В.Ланский баяндама жасап, 9 айда қол жеткен табыстарына тоқталып өткен. Конференцияда сөз алған 9 қызметкердің ішіндегі ПЧ-58 инженері өз сөзінде есепті кезеңде техникалық кеңесте екі жиналыс өткізіліп, өнертапқыштардан 20 ұсыныс түскендігін айтады. Шұбарқұдық депосы кәсіподақ комитетінің төрағасы Шиварев депо қызметкерлерінің арасында өнертапқыштардың 2 кеші өткізілгендігін, өнертапқыштар бұрышын ұйымдастырғанын, алдыңғы қатардағы өнертапқыштарға ауыспалы вымпел тапсырылып отыратындығын айтып өткен. Теміржолшылардың аудандық кәсіподақ төрағасы Таспаев, ВЧД-23 кәсіподақ комитет төрағасы Рыбалкин, СМК-13 кәсіподақ комитеті төрағасы Салихов т.б. шығып сөйлеушілер қол жеткен жетістіктермен қатар, біраз кемшіліктердің де бетін ашқан, оларды жою жолдарын көрсеткен.

Кәсіподақтар басшылық еткен қоғамдық ұйымдардың тікелей араласуымен 1977 жылы облыс кәсіподағы қарамағында 300 клубтар мен қызыл бұрыштар, 173 мың дана кітап қоры бар 27 кітапхана, 90 тұрақты және 30 жылжымалы киноқондырғы т.б. жұмыс жасап тұрды. 1976-77 жылдары облыс бойынша кәсіподақтар бюджетінен дене шынықтыру және спортты дамытуға 213 мың сом бөлініп, туристік жолдамамен  22 шетелде 715 адам болып келген. Әлеуметтік қамсыздандыру қорынан 1975-76 жылдары кәсіподақтың жеңілдетілген немесе тегін жолдамасымен сауықтыру орындарында 16 мың адам денсаулықтарын түзесе, 12 мыңнан аса облыс мектеп оқушылары пионер лагерінде дем алған.

Негізінен еңбекшілер еңбегін бағалау, оларды әртүрлі мрапаттарға ұсыну, үкімет наградаларымен мадақтау социалистік  жарыс қорытындысымен  жүзеге асырылып отырған. 1977 жылы 28 қаңтарда болған XV-одақаралық облыстық кәсіподақтар конференциясында сөз сөйлеген ауылшаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы М.Баймұханов атқарылған жұмыстарға тоқтала келіп, XI-шы бесжылдық қорытындысымен облыс бойынша 542 мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының озаттары орден және медальдармен марапатталып, 1600 жұмысшы мен қызметкерлері «Социалистік жарыс жеңімпазы», 540-еңбек озаты «IX-бесжылдық ударнигі» белгісімен мадақталғандығын зор мақтаныш сезіммен баяндаған. Бұл үрдіс басқа салалар бойынша да жүйелі түрде жүзеге асып отырған. Әртүрлі сала қызметкерлерінің мұң-мұқтажы, ұсыныс-пікірлері, сын ескертпелері өздерінің есеп беру сайлау жиналыстарында айтылып, жоғарғы кәсіподақ органдарының бақылауымен аталған кемшіліктер жойылып отырған. 1976 жылғы болған есеп беру сайлау науқаны кезінде облыс бойынша 3 мыңға тарта сын-ескертпелер айтылып, облыстық кәсіподақтар конференциясында қаулы қабылданып, шаралар белгіленген. Облыстық кәсіподақтар кеңесі құрылғаннан кейін облыс кәсіподақ құрылымында 2 рет өзгерістер болды. Соңғы рет 1988 жылы Гурьев және Маңғыстау облысы қосылған кезде ВЦСПС-тың қаулысымен Кеңестер Одағы бойынша Ставрополь өлкесінде, 2 облыста (оның біреуі Гурьев облысы) эксперимент ретінде қала, аудандарда кәсіподақтар кеңестері құрылып, олар өз кезеңдеріне сәйкес қызметтерін атқарды. Эксперимент кезінде салалық кәсіподақтар облыстық комитеттері таратылып, салалық Республикалық комитеттердің үйлестіруші өкілі ретінде әр сала бойынша бір қызметкер жұмыс жасады. 1990 жылы ВЦСПС-тың қаулысымен бұл эксперимент тоқтатылды. Қала, аудандардағы кәсіподақ кеңестері таратылып, қайтадан салалық кәсіподақтар құрылды.

1990-1995 жылдары елімізде реформалар жүріп жатты. Осы кезеңде көптеген мекемелер мен өндіріс орындарының жабылуы, кәсіподақ мүшелерінің азаюына байланысты кәсіподақ комитеттерінің жағдайы саябырлап қалды. Кейбір кәсіподақ белсенділері мен бастауыш ұйымдардан аудандарда кәсіподақ кеңестерін құру туралы ұсыныстар түсті. 1995 жылы облыстық кәсіподақтар екі конференция өткізіп (салалық кәсіподақтарды қолдаушылар, қала, аудандық кеңестерді қолдаушылар), облыс кәсіподақтар өмірінде Қос одақаралық орган болып екі жылға жуық жұмыс жасады. 1997 жылы бұл екі орган қосылып, облыс кәсіподақтары өз қалпына келді. 1992 жылға дейін 12 бөлімі, 50 шақты қызметкері бар, жиырмаға тарта автокөлігі бар шаруашылық қысқарып, Федерацияда барлығы 5 қызметкер қалды.

Қазіргі кезеңде облыстық кәсіподақтар Орталығы, салалық кәсіподақтар тарапынан көрсетіліп отырған кең қолдаудың нәтижесінде біраз жетістіктерге қол жеткізуде. Облыстық үш жақты келісім шартты, екі жақты келісімдер мен ұжымдық шарттарды қабылдау, олардың орындалуы туралы комиссиялар жұмыстарына белсенді түрде қатысу, ұсыныс-пікірлерін батыл, әрі табанды түрде әртүрлі деңгейде білдіріп отыру, Республика көлемінде өткізіліп жатқан көптеген акцияларға қолдау көрсетіп, қатысып отыру, көптеген мәдени көпшілік шаралар өткізу, облыс, Республика бойынша атқарылып жатқан тағы да басқа жұмыстарға белсенді түрде атсалысып келеді. Облыстық кәсіподақтар Орталығы салалық кәсіподақтармен бірлесе отырып халқымыздың әл-ауқатының артуы, ел экономикасын нығайту, бір сөзбен айтқанда кәсіподақ мүшесіне мықты қорған болу үшін еңбектенуде.  

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаң­ғыртылуы: Жалпыға Ортақ Ең­бек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарлы мақаласында Үкімет пен кәсіподақтар бірлесіп жаңа заңды қабылдау қажеттігін тапсырды. «Кәсіподақтар туралы» заң­ның керек­тігін Мемлекет басшысы Кәсіп­одақтың бас кеңесінде болғанда да міндеттеген болатын. Талқыдағы бұл заң кәсіподақтар қозғалысын жетіл­діруге, уақытқа сай ізденуге, ізгілікке үйренуге айтарлықтай ықпал жасайды. Еліміздің жаңа индустрияландыру саясатына байланысты экономика әлеуетін асыратын көптеген инновациялық кәсіпорындар құрылатыны белгі­лі. Осыған байланыс­ты еңбек ұйымдарындағы әлеуметтік базаны нығайтудың қажеттігі туындайды. Ондай ауқымды іспен жіті айналысатын кәсіподақ ұйымдары болады. Жаңа заңның түпкілікті мақ­саты, тәуелсіз еліміздегі кәсіп­одақ ұйымының мәртебесін кө­тере отырып, еңбек адамы құқық­тарының бұзы­луына жол бермеу. Яғни еңбек дауларын бейбіт келісімдер арқылы шешіп, ел бірлігі мен тыныштығын сақтау ісіндегі қалыптасқан дәстүрді жетілдіре беру. Кәсіподақтың жаңа деңгейге көтеріліп, дамуы үшін оның қызметін заңдастырудың маңызы өте жоғары. Бұл заң Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында үлкен рөл атқарады. Аталған заң жұ­мыс берушілер мен кәсіподақ ұйым­дарының жауапкершілігін арттырып, оның дамуы мен нығаюына жол ашады. «Мәңгілік Ел» болуға ниетті Отанымыздың еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықтың сақта­луы­на жаңа серпіліс беретініне еш шүбә жоқ. Қандай ұйым болса да алға қойған мақсаты, айқын мін­деті, әсіресе жұрт қызмет­шісі саналатын кәсіподақ ұйымдары, тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, мемлекет мерейін асыру, татулықтың тағылымын таныту, береке бастауы бірлік екенін түсініп, түйсіну керек.

Қазақстан Республикасының кәсіподақтар заңына сәйкес және Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының келісімімен  2014 жылдың 3-ші желтоқсаны күні «Атырау облыстық кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы болып Сұлтанов Диас Бауыржанұлы сайланды.  

ҚРКФ-ның шипажайлары мен қонақ үйлері