– Салтанат Асқарқызы, Елбасымыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы көп мәселені айқындап берді. Бұл мұнай-газ кешені саласын да әсер етеді.
– Елбасы Жолдауында былтырғы жылы үшінші жаңғырту жолына түскен мемлекетіміздің Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу жолдарын тағы да бір айқындап берді. Жолдауда өнеркәсіптің қай саласында болса да ғылымға негізделген жаңа цифрлы технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу қажеттілігі айтылған.
Елбасы мемлекеттік органдарға да халықпен және шағын, орта бизнес субъектілерімен қарым-қатынасын цифрландырып, өтініштерді қарап, шешуді электрондауды тапсырды. Бұл өнеркәсіпті, бизнесті дамытуға жағдай туғызады. Бірақ бұл өндірістен көптеген жұмысшылардың ысырып шығарылуына соқтырады. Себебі, цифрландыру өнеркәсіп пен кәсіпорындардағы жұмыс орнын азайтады. Бірақ технологиялы өндірістің көлемі мен сапасы ұлғаяды. Бұл – ел экономикасы үшін өте пайдалы. Қазір кәсіподақ ұйымдарының алдында осы мәселені еңбек ұжымдарына түсіндіру міндеті тұр. Жұмысшыларымыз ғылыми- технологияның жаңалықтарын игеріп, бәсекеге қабілеттілігін таныта алса, өнеркәсіптік революция ғасырында жұмыссыз қалу қатеріне төтеп бере алады. Біз осыны жұмысшыларымызға жете түсіндіріп айтуымыз қажет. Елбасы жұмыссыздарға барлық бос жұмыс орындары туралы ақпараттарды электронды базадан көріп, кез келген жұмысқа өз қалауы бойынша орналасу мүмкіндігін тудыруы қажет екенін ескертті. Бізді еңбек кітапшасының да электронды болатыны қуантады. Бұл кейбір жауапсыз жұмыс берушілердің тарапынан болатын заңсыздықтарға жол бермейді. Еңбек биржасының электронды жүйеге көшірілуі, жұмыссыз қалған азаматтардың қайта мамандандырылуына, басқа мамандық алып, кез келген кәсіпорындарға кідіріссіз жұмысқа кіруіне жағдай жасайды.
– Мәжіліс депутаттары Атырау облысының 80 мың жұмысшысының мүддесін қорғайтын кәсіподақ өкілдерімен кездесті. Осы кездесуде қандай мәселелер қозғалып, ұсыныстар берілді?
– Атырау облысы республикалық бюджеттің төрттен бір бөлігін беріп отырған әлеуетті облыс екені елімізге мәлім. Алайда өңірімізде жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауда бірқатар проблемалар бар.
Парламент депутаттарының алдына біз, жұмысшылар өкілдері, кәсіподақтардың шеше алмай отырған мәселелерін көтердік.
Біріншіден, еңбекақы төлеудегі кемсітушілікті жою туралы өтініш жасадық. Еңбек Кодексінің баптарында жұмыскердің бірдей еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз бірдей ақы алуға құқығы бар делінген. Кодекстің 4-бабына сәйкес еңбек саласындағы кемсітушілікке тыйым салу – Еңбек заңнамасының негізгі принциптерінің бірі. Облысымызда мұнай-газ өндірумен айналысатын ірі компанияларда жұмыс жасайтын жергілікті жұмысшылар мен шетелдік жұмысшылардың еңбекақысы арасындағы айырмашылық мөлшері айтарлықтай. Еліміздің жұмысшылары 350-600 мың теңге жалақы алса, сол лауазымдағы шетелдік жұмысшы 15-20 мың доллар жалақы алады. Соны жоюдың түрлі жолдары бар. Біріншіден, шетелдік жұмыс күшін тарту барысында жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік біліктілік анықтамалығында көрсетілген мамандықтар мен лауазымдарды қатаң басшылыққа алу керек.
Себебі, шетелдік жұмысшыларды тарту барысында жұмыс берушілер «кеңбейінді менеджер», «кеңбейінді супервайзер» секілді өзге де түрде мамандықтардың атауын өзгертіп, шетелдік жұмысшыларды кіргізеді.
Бұл жұмыс берушіге «инженер» лауазымында қызмет атқаратын қазақстандық жұмысшыға – 1-2 мың доллар, ал «кеңбейінді инженер» лауазымында қызмет атқаратын шетелдік жұмысшыға
15-20 000 доллар жалақы төлеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, кейбір компанияларда бірдей лауазымды қызмет атқаратын қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың екеуінің де жалақысы штаттық кесте бойынша тең, мысалы 100 мың теңге. Бұл лауазымдық жалақыға ай сайын «кәсібилігі үшін» деген үстемақы тағайындалу барысында да орасан айырмашылық бар. Сондықтан біз Мәжіліс депутаттары алдына осы мәселені Парламент қабырғасында көтеріп, Бас прокуратураға мемлекеттік еңбек инспекциясы арқылы барлық өндірістік компанияларда шетелдік және қазақстандық жұмысшыларға еңбекақы төлеу мәселесінде орын алып отырған дискриминацияға мониторинг жүргізіп, заңбұзушылықтарды анықтау және жоюдың шарасын алу туралы ұсыныс беруді сұрадық. Сондай-ақ жұмыс берушіні еңбекақыны индекстеуге міндеттеу мәселесін төтесінен қоятын уақыт келгенін айтып жеткіздік. 2007 жылғы Еңбек кодексінде инфляция деңгейін негізге ала отырып, келісімдерде, ұжымдық шартта белгіленген тәртіппен индексация жүргізу міндеті жүктелген болатын. Ал 2015 жылғы қабылданған Еңбек кодексінде жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын тұрақты ұстап тұруға бағытталған осы маңызды норма алынып тасталды. Бұл жағдай жұмысшылар табысының инфляциялық құнсыздануына ұшырап, әл-ауқаты төмендеуіне соқтырып отыр. Еңбекақыны индекстеуден жұмысшының әл-ауқаты күрт жоғарылап, аспандап өсіп кетпейді. Ол тек нарықтық бағаның өсуі мен валютаның құнсыздануының жұмысшылар табысына әсерін азайтатын маңызды механизм қызметін атқарады.
– Елбасы жуық арада бес әлеуметтік бастамасының бірімен жұмысшы жалақысын көтеру мақсатында салықты азайтуға шақырған жоқ па?! Бұл оң өзгеріс еңбекақыны индекстеуге теңеспей ме?
– Әрине, Елбасымыздың «Бес әлеуметтік бастамасы», сөз жоқ қазақстандықтардың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған маңызы зор шара. Соның екінші бағыты – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту. Алайда біздің мұнай-газ саласы қызметкерлерінің жалақысы ең төменгі айлық есептік көрсеткіштің 25 есесінен кем болмайды, ендеше, бұл шара біздегі сала қызметкерлеріне қатысы жоқ.
Елбасымыз баршамызды ел игілігі жолындағы еңбекке шақырды, бүгінде еңбек шешуші ұлттық фактор екенін ұғындырды.
Сондықтан кәсіподақтың атынан еңбек адамы – жұмысшының мүддесі үшін Мәжіліс депутаттарынан жұмысшының жалақысын тұрақты түрде индекстеп тұруды заң жолымен бекітуді сұрадық. Жұмысшылардың жыл сайын жалақылары индекстеліп, мемлекет пен Жұмыс беруші тарапынан өздеріне деген қамқорлықты сезінетін болады.
Парламент мәжілісіне айтылған үшінші мәселе, Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 1-бабы 1-бөлімінің 44 тармағын және 20-бабын өзгеріссіз қалдыруға ықпал етуді сұрадық. Себебі, Қазақстан Республикасы «Кәсіптік одақтар туралы» заңының 17-бабы 8-тармағының талабына сай кәсiподақтар кәсiподақ мүшелері болып табылмайтын жұмыскерлердің мүдделерін кәсiподақ мүшелеріне арналғандай негіздерде білдіруге міндетті. Сайып келгенде, біз кәсіподаққа мүше емес жұмысшылардың құқығын қорғаудан тыс қалмаймыз.
Көп жағдайда жұмыс берушінің өзі кәсіподақ мүшелерінің санының өсуіне мүдделі еместігін ескерсек, кәсіподақ мүшелерінің саны 50 пайыздан кем болса, бір кәсіпорында кәсіподақпен бірге жұмысшылардың сайланбалы өкілдерінің де өкілдік ететіні – жұмысшылардың құқықтарының дұрыс, тиімді қорғалмауына апарып соқтырады. Білесіз бе, бұл жағдай, кәсіптік одақтардың институт ретінде дамуына, сол арқылы жұмысшылар құқықтарының қорғалуына кері әсерін тигізетін фактор болып табылады.
– Жаңадан тағайындалған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова «жүк тасушы мен үй қызметшісін де тіркеп, олардың статусын анықтаймыз» деп халықтың сынына ұшырап қалғанын білеміз. Кәсіподақ өкілі ретінде не айтасыз?
– Әрине, министр М.Әбілқасымованың мәселені бұлай төтесінен қойғаны көпшілікке түсініксіз де болған шығар. Бірақ осы жылы 31 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметімен Жұмыс берушілер және Жұмысшылар өкілдері арасында қол қойылған Бас келісімнен кейін жасақталған Жол картасының әрбір тарауымен кәсіподақтарға үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Соның ішінде, «Бизнес ортаны түбегейлі жақсарту» тарауында шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысшыларымен еңбек қатынастарын заңдастыруына ықпал ету міндеті жүктелген.
Болашақта зейнетақының тек қана жинақтаушы механизмі енгізілгенін білеміз. Сондықтан жұмысшының болашақта әлеуметтік қорғалуы өзіне байланысты екенін түсіндіруіміз керек. Әсіресе, бүгінгі күні үлкен сауда үйлерінің дүкендерінде, киоскілерінде сатушы болып істейтіндердің түгелге жуығымен еңбек қатынастары рәсімделмегені күмәнсіз.
Шағын кәсіпкерлер тұрмақ, Кәсіподақтар орталығымен бірге, еңбек ұжымдарымен кездесуге Макат ауданына барған кезде, «АИС ГРУПП» компаниясы мен Локомотив депосының 11 жұмысшысының құқықтары өрескел бұзылып, еңбек шарттары жасалмағаны, зейнетақы, әлеуметтік жарналар аударылмағаны анықталды. Жұмысшылардың атынан Алматы қаласындағы еңбек инспекциясына бірнеше рет арыз жазып, нәтижесінде жұмысшылардың барлық талабы қанағаттандырылды. Еңбекшіні әлеуметтік жағынан қорғансыздыққа ұшыратқан компанияға ықпал етіп, бір жылғы өтіп кеткен уақытқа еңбек қатынастарын заңдастырып, зейнетақы, әлеуметтік жарналарын аудартуға қол жеткізгенбіз. Осы 11 жұмысшының облыстық газетке жариялаған алғысхаты кәсіподақ атына айтылған алғыс деп түсінемін.
Кейбір жұмысшылар, әсіресе жастар, бүгінгі күні қолдарына ақша алып отырғанына риза болып, еңбек қатынастарын заңдастыруды талап етпейді. Себебі, кейбірі қолма-қол ақшаны көбірек алғысы келеді, кейбіреуі жұмыс берушілеріне қарсы шығуға қорқады. Сөйтіп, еңбекте қайғылы оқиға болса да, жүктілік, ауру жағдайында да әлеуметтік қорғалу құқығынан айырылады. Әрі олар кейін зейнет жасына жеткенде мемлекеттің аштан өлмеу үшін берілетін ең төменгі зейнетақысын талғажау ете ме? Егер азаматтарды өздерінің қамсыз қарттығы толғандыратын болса, қазірден бастап еңбек қатынастарын заңдастырып, зейнетақы жарналарының уақытында аударылуына мұқият назар аударуы керек. Тіпті жеке өзіне жұмыс істейтін таксист болса да, жеке кәсіпкерлігін ашып, өзіне зейнетақы жарналарын аударып отырғаны дұрыс, ол – өзінің болашағын қамтамасыз еткенін жұмысшыларға түсіндіруіміз керек.
– Сіз қалалық мәслихат депутатысыз, кәсіподақ белсендісіз және заңгерсіз. Қызметіңізді қалай ұштастырасыз?
– Мәслихат депутаты болғандықтан, қаланың қоғамдық-саяси өміріне араласамын. «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалында қабылдау жүргізіп, тұрғындардың проблемаларына қанығып, шешуге қарекет етемін.
«Нұр Отан» партиясының жолдауымен ірі-ірі кәсіпорындарда еңбек ұжымдарымен кездесіп, Елбасы бағдарламаларын түсіндіреміз. Біздің мақсатымыз – жұмысшыларға деген құрмет. Кәсіподаққа мүше болса да, болмаса да жұмысшыларға көмектесіп, проблемасын шешіп
беру – кәсіподақтың беделін арттырады деп түсінеміз. Мысалы, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалында қоғамдық қабылдау өткізу барысында «Андора Констракшн» компаниясының 17 жұмысшысы 4-5 ай бойы еңбекақыларын ала алмай жүргеніне шағымданған болатын. Олардың атынан сотқа талап-арызбен жүгініп, сотта өкілдік етіп, жалақыларын, өтемақылары мен моральдік зиян өтемін өндіру туралы шешім шығарылды. Сот шешімі толықтай орындалып, еңбекшілердің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Сол сияқты, бұрын сотталған А.Тұржанов өзінің «Тенгизстройсервис»
ЖШС-нан еңбекке жарамсыздығына байланысты жәрдемақыны ала алмай жүргені туралы арызданды. Депутаттық сауал жолдап, сотта өкілдік етіп, жәрдемақысын толық көлемде моральдік зиян өтемімен бірге өндіру туралы сот шешімі шығарылып, толықтай орындалды. Жұмысшы құқығы қорғалды.
Мүгедек зейнеткер К.Ахметованың құқықтары бұзылып, тұрғын үйі заңсыз иелігінен шығарылып кеткені, мүгедек анасының үйсіз қалу қаупі туып отырғаны туралы қызы Г.Ахметованың арызы менің тарапымнан қаралып, мүгедек жанның атынан сотта өкілдік етіп, тұрғын үйді иелігінен шығару туралы мәміле бұзылып, тұрғын үй зейнеткер қарияның өз иелігіне қайтарылды. Еңбек өтілінің
10 жылын кәсіпорынның тарап кетуіне байланысты дәлелдей алмай, ең төменгі зейнетақыны негізсіз алып жүрген В.Булатова есімді зейнеткердің атынан сотқа арызбен жүгініп, еңбек өтілін қалпына келтіруге жәрдемдестім. 1975-1985 жылдары оның сылақшы болып қызмет еткен құрылыс кәсіпорнының тарап кетуіне байланысты сот шешімімен осы жылдардағы еңбек өтілі танылып, құқығы қорғалды. Осы секілді мәселелер көп. Олардың оң шешілуіне ықпал ету – менің кәсіби және азаматтық міндетім деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы
источник: https://aikyn.kz/2018/04/07/48538.html